Аудан тарихы

"САРЫАРҚА"  АУДАНЫНЫҢ ТАРИХЫ
"Сарыарқа" ауданы Астана қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігі. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. 2018 жылғы 16 наурызға дейін аудан көлемі 196,62 шақырымды құрады. 2018 жылы 16 наурызда ауданның көп бөлігі жаңадан құрылған Байқоңыр ауданының құрамына берілді және 67,75 шаршы шақырымға дейін қысқарды. Аудан халқы - 351,8 мың адам.

АУДАНЫМЫЗДЫҢ КӨШЕЛЕРІ БОЙЫНША
ЖЕҢІС ДАҢҒЫЛЫ

"Ескі" қаладағы ең ескі даңғылдардың бірі - Жеңіс даңғылы. Ол Т. Рысқұлов көшесінен басталып, Кенесары, С. Сейфуллин көшелерімен және Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарымен қиылысады және І. Есенберлин көшесімен аяқталады. Ұзындығы - 3304,4 метр. 1920 жылға дейін көшенің атауы Крепостная болған. Соған қарағанда, осы көшенің аумағында Ақмола бекінісі болған болуы керек. Алайда, 1920 жылы Крепостная атауы Свобода (Бостандық) көшесіне ауыстырылған. 1934 жылы Спортивный, ал  1965 жылы Жеңістің 20 жылдық мерекесіне орай, Победа (Жеңіс) көшесі деп аталған. Соғыс жылдары Ақмола тұрғындары солдаттарды осы көшемен шығарып салып, күтіп алғаны бізге белгілі. Сонымен бірге бұл көше вокзалға тіке апарады. Қазіргі Жеңіс даңғылы атауы 2007 жылы берілді.


АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ
Абай даңғылы ең ұзын, созылмалы көшелердің бірі болып саналады. Ұзындығы - 5280 метр. Кезінде көше атауы Церковный болған, сондықтан шығар Ақмоладағы алғашқы мешіттердің бірі осы көшеде салынған. Кеңес үкіметі орнаған уақытта оған Ленин атауы беріліп, негізгі көшеге айналған. 1997 жылғы қарашадан бастан Абай көшесіне ауыстырылды.

ЕСЕНБЕРЛИН КӨШЕСІ
Есенберлин көшесі 1920 жылға дейін Старый (Ескі) деп аталған. 1920 жылдан бастап Народный (Халық) көшесі болған, 1934 жылы оған революционер Сергей Киров есімі, ал 1951 жылы революционер Вячеслав Молотов есімі берілген. 1957 жылдан бастап 80-90-шы жылдардағы "танымал" Монина атауын алған. 1997 жылы Ақжайық деп ауыстырылған, ал 2007 жылдан бастап Ілияс Есенберлин көшесі аталады.

С. СЕЙФУЛЛИН КӨШЕСІ

Оң жағалаудағы ең "танымал" көшелердің бірі - Сәкен Сейфуллин көшесі, ол 1920 жылға дейін Степной аталған. 1920 жылы оған сол кездегі танымал революционер Моисей Урицкий есімі берілген. 1934 жылдан бастап Революционный атауына ауыстырылған. 1997 жылғы қарашадан бастап Сәкен Сейфуллин көшесі деп аталады.ъ

БӨГЕНБАЙ БАТЫР ДАҢҒЫЛЫ 

Бөгенбай батыр даңғылының ұзындығы - 3611,7 метр. Ол Н. Тілендиев даңғылынан басталып, Желтоқсан, Бейбітшілік, М. Әуезов, С. Торайғыров, Ш. Айманов, Ж. Аймауытов, Ш. Уәлиханов көшелерімен қиылысады. 1991 жылға дейін атауы Пятилетка (Бесжылдық) болған. 1991 жылғы маусымнан бастап қала билігі Бөгенбай даңғылы, ал 2004 жылы Бөгенбай батыр даңғылы деп бекіткен.

БЕЙБІТШІЛІК КӨШЕСІ

Астананың тағы бір ең "ескі" көшелерінің бірі - Бейбітшілік көшесі. 1920 жылға дейінгі аристократтық атауы - Гостино-дворская. 1920 жылы оған А. Луначарский есімі берілген, ал 1929 жылдан бастап Пролетариаттық атауын алған. 1951 жылы Мир көшесі деп өзгертілген, 1998 жылдан бастап - Бейбітшілік көшесі.

РЕСПУБЛИКА ДАҢҒЫЛЫ 

Барлығымыз жақсы көретін Республика даңғылы Ж. Тәшенов көшесінен басталып, Жәнібек тархан, А. Иманов, Кенесары, Отырар, С. Сейфуллин, А. Жангелдин, Ы. Дүкенұлы, А. Молдағұлова көшелерімен және Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарымен қиылысады. Ұзындығы - 4159 метр. 

1979 жылдан бастап Целинниктер даңғылы аталған. 1997 жылы Республика даңғылына ауыстырылған. 2007 жылдың желтоқсанында даңғыл ұзартылып, оған Пушкин көшесі (Гете көшесінен Сейфуллин көшесіне дейін) қосылған.